Бюджет жүйесі — дамудың негізгі құралы: басқарушылардың құзыреті барлық деңгейде күшейтілуде
«AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы мемлекеттік басқару сапасын арттыруға және өңірлердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған модульдік бағдарламаны іске асыруда. Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі — «Бюджет тік вертикалі: республикадан ауылға дейін» модулі. Ол қатысушыларға Қазақстанның бюджет жүйесін тұтас әрі практикалық тұрғыда түсінуге мүмкіндік береді.
Бюджет жүйесі — мемлекеттің қаржылық негізі. Барлық ресурстар осы жүйе арқылы бөлінеді, мемлекеттік міндеттер орындалады және даму басымдықтары іске асырылады. Модуль әр деңгейде — республикадан бастап ауылдық деңгейге дейін — Бюджет кодексі нормаларының нақты басқарушылық шешімдерге қалай айналатынын түсіндіруге бағытталған.
Оқытуды Ұлттық экономика министрлігінің бюджет саясатын қалыптастыруға қатысатын мамандары, сондай-ақ бюджет жоспарлау және мемлекеттік басқару саласындағы жетекші сарапшылар жүргізеді. Бұл бағдарламаның практикалық сипатын және қолданыстағы нормативтік базаға сәйкестігін қамтамасыз етеді.
Бағдарламада бюджет процесіне қатысушылардың рөлдері нақты айқындалады. Қатысушылар Парламенттің, мәслихаттардың, Үкіметтің, әкімдіктердің, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, қазынашылық және мемлекеттік аудит органдарының функцияларын меңгереді.
Практикалық бөлімде бюджет құжаттарының негізгі элементтері қарастырылады: кірістер мен шығыстар құрылымы, трансферттер жүйесі, бағдарламалық жоспарлау және нәтижелерді бағалау. Бюджет формалды құжат емес, нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижеге жету құралы ретінде қарастырылады.
Мәслихат депутаттарының рөліне ерекше назар аударылады. Олар:
– жергілікті бюджеттерді және оларға енгізілетін өзгерістерді бекітеді;
– бюджеттің орындалуы туралы есептерді қарайды және мақұлдайды;
– бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын бақылауды қамтамасыз етеді;
– бюджет шешімдерін халықтың нақты қажеттіліктерімен байланыстырады.
Модуль қорытындысы бойынша қатысушылар:
– бюджет жүйесінің құрылымын және деңгейлер арасындағы өкілеттіктерді нақты түсінеді;
– өз функцияларын тиісті бюджет деңгейімен байланыстыра алады;
– кірістерді, шығыстарды және трансферттерді талдайды;
– бюджет шешімдерінің өңір дамуына әсерін бағалайды;
– бағдарламалық-мақсатты тәсілді практикада қолданады.
Негізгі нәтиже — басқарушылардың бюджет жүйесін жүйелі түсінуі және өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін нақты шешімдер қабылдау дағдыларын қалыптастыру.