Сайлау науқанынан — халық сеніміне дейін: басқарушыларға заманауи саяси технологиялар үйретілуде
«AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы басқарушыларға арналған оқыту бағдарламасын жүзеге асыруда. Бағдарлама саяси жұмыстың тиімділігін арттыруға және халықпен өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған. Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі — саяси науқандарды дұрыс жоспарлау және жүзеге асыру. Қатысушылар науқанды тек сайлау кезеңімен шектемей, оған дейінгі, сайлау кезіндегі және одан кейінгі кезеңдерді қамтитын толық процесс ретінде қарастыруды үйренеді.
Оқу барысында науқан тек қолдау жинау құралы емес, сонымен қатар халық алдындағы міндеттемелерді орындаумен тікелей байланысты екені түсіндіріледі. Қатысушылар стратегия құруды, командалық жұмысты ұйымдастыруды және халықпен тұрақты байланыс орнатуды меңгереді.
Қатысушылар:
– науқанды кезең-кезеңімен жоспарлауды;
– команданың үйлесімді жұмысын ұйымдастыруды;
– ақпараттық жұмысты дұрыс жүргізуді;
– халық алдындағы міндеттемелерді орындау жоспарын әзірлеуді үйренеді.
Сондай-ақ жалған ақпаратқа қарсы әрекет ету, тәуекелдерді басқару және сенімді арттыру тәсілдеріне ерекше назар аударылады.
Оқыту тәжірибеге бағытталған, нақты мысалдар мен күнделікті жұмыста қолданылатын құралдар ұсынылады. Нәтижесінде басқарушылар халықпен жүйелі жұмыс жүргізіп, сенім мен тұрақты қолдауға қол жеткізе алады.