«Sana» тұлғалық өсу мектебі

Саяси менеджмент мектебі және «Jas Otan» жастар қанаты жастардың білімін жетілдіруге және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған «Sana» тұлғалық өсу мектебін (бұдан әрі – Мектеп) іске қосты. Бағдарлама «Шешендік өнер», «Көшбасшылық және эмоциялық интеллект» және «SMM маркетинг» деп аталатын 3 модульді қамтиды.

Ағымдағы жылдың 21 қыркүйегінен бастап 16 қазанға дейін «Шешендік өнер» модулі өткен. Вебинарға Қазақстанның барлық өңірлерінен 500-ден астам адам қатысты. Сабақ қазақ және орыс тілінде ұйымдастырылды. Орыс тобына жаттықтырушы болып тілші, продюссер, «Саяси маркетинг мектебі», «Media Professional» негіз қалаушысы, шешендік шеберлік бойынша жаттықтырушы Ғазиза Райымбек сабақ берді. Қазақ тобына телерадиожүргізуші, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, дубляж актрисасы Сванқұлова Ләззат және маркетинг және PR саласында он жылдан артық жұмыс тәжірибесі бар бизнес-жаттықтырушы Ақбердиев Арман шақырылды. Сонымен бірге, Мектеп аясында түрлі шеберлік-сыныптар және семинарлар өткізілді. Спикерлер ретінде тележүргізуші, журналист, «SSLab» тележүргізуші зертханасының негіз қалаушысы Санди Сұлтан және «Nur Otan» партиясының Саяси менеджмент мектебінің директоры Нұрланов Шынгыс Нұрланович қатысты.

Эмоциялық зияткерлікті және эмоцияларды ажырата білу қабілетін дамытуға, сондай-ақ SMM маркетингтің негізгі дағдыларын үйретуге бағытталған екі модуль бойынша оқу 2021 жылы жалғастырылады.