Оқу құралдарында да гендерлік теңдік сақталуы керек
«AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты білім саласындағы гендерлік теңдік мәселесін талқылады. Жиынға Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктері өкілдерімен қатар, шетелдік сарапшылар қатысып, пікірлерімен алмасты.
Еліміз былтыр Дүниежүзілік экономикалық форумының жаһандық гендерлік индекс рейтингінде 146 елдің ішінде 62-ші орыннан табылды. «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова гендерлік теңдік саясаты еліміздегі білім беру және денсаулық сақтау салаларында айқын көрінетінін атап өтті.
«Гендерлік теңдік мәселесі Алашорда кезеңінде де өзекті болған. Білім саласындағы гендерлік теңдік мәселесі 1917 жылғы бүкілқазақ съезінде де көтерілген. Міне бұл сол уақыттан бері талқыланып келе жатқан тақырып. Бүгінде елімізде бұл бағытта бірқатар жетістікке қол жеткізілді. Мәселен, денсаулық сақтау және білім салаларында әйелдер санының артқанын аңғаруға болады. Ал экономика және саясат салаларында әлі де назар аударатын мәселелер бар. Білім беру саласында Nazarbayev University жүргізген зерттеуін негізге алуға болады. Мәселен мектеп оқулықтарында ұл баланың бейнесі орталық позицияларда берілген, ал қасындағы қыздардың позициялары қосалқы ретінде ұсынылады. Бұған дейін мұндай мәселелерге жіті мән берілген жоқ. Алдағы уақытта осыны да назарға аламыз», – деді ол.
Мемлекеттік саясаттың білім беру саласындағы негізгі қағидатының бірі – жалпы білім беретін мектептерде қыздар мен ұлдар үшін мемлекеттік стандартқа сәйкес сапалы білім алуға теңдей жағдай жасау. Бүгінде республика бойынша 8000-ға жуық мектеп бар, онда 3,9 млн бала білім алады. Оның 49 пайызы – қыз балалар. Сондай-ақ мектептерде білім беретін 400 мың педагогтің 80 пайызы – әйелдер. Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанованың айтуынша, бүгінде білім беру мекемелерінде балалардың құқығын қорғау мақсатында бірқатар тиімді шара жүзеге асырылған.
«Бізде балалардың құқығын қорғаудың өте маңызды кешенді жоспары бар, онда балаларды зорлық-зомбылықтың барлық түрінен қорғау тетіктері айқын көрсетілген. Айта кету керек, 2020 жылдан бастап барлық мектепте балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған чаттар бар. Бұдан бөлек, «111 AMANAT» шұғыл қызметі де жұмыс істейді. Сондай-ақ осы оқу жылының қыркүйегінен бастап «Бір тұтас тәрбие» ұлттық тәрбие жобасы жүзеге асырылды. Онда қыз баланың отбасындағы, тәрбиедегі, білім берудегі, біздің өміріміздің барлық салаларындағы рөлі көрсетілген», – деді ол.
Басқосуға қатысқан шетелдік сарапшы Роберт Симнің айтуынша, Шотландияда саяси шешімдерді қабылдаудың, іске асырудың және бағалаудың барлық кезеңдерінде гендерлік теңдік маңызды рөл атқарады. Әсіресе денсаулық сақтау, білім беру және жұмыспен қамту сынды салаларда ерекше назар аударылады.
«Егер де бізде жұмысқа тұруға ер мен әйел қатар келіп, кандидатты жұмысқа алу барысында ер адамға басымдық берілетін болса, жұмыс беруші заң аясында жазаланады. Бұдан бөлек, тұрмыстық зорлық зомбылық мәселесі біздің елімізде де бар. Сондай жағдайға тап болған әйелдерді қорғайтын арнайы орталықтар жұмыс істейді. Бізде де бұл бағытта 2018 жылы арнайы заң қабылданды. Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған кез келген әйел Үкіметтен көмек сұрай алатындай болуы керек. Сонымен қатар Шотландияда әкесі мен анасы балаға теңдей жағдай жасауға міндеттелген. Бұл да өте маңызды», – деді ол.
Білім беру жүйесі гендерлік теңдік қағидаттарын ілгерілетуде маңызды рөл атқарады. Бұл ретте Мәдениет және ақпарат министрлігі «БҰҰ әйелдер» құрылымымен бірлесіп, білім беру саласындағы дискриминацияға қарсы зерттеу жүргізуде. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Найла Мұхтарова айтты.
«Жалпы орта білім беру мектептерінің оқу-әдістемелік материалдары, оқулықтары талданды. Сараптама үшін таңдалған оқу материалдары орта білім берудің барлық деңгейін көрсетеді, гуманитарлық және ғылым бағытын қамтиды. Үлгілік оқу бағдарламалары мен оқулықтарды талдау нәтижелері бойынша қорытындылар келесідей: мектеп пәндері бойынша үлгілік оқу бағдарламаларының мазмұны гендерлік аспектінің жеткіліксіз көрінісін анықтады. 2023 жылы педагогтар дискриминацияға қарсы мәдениетке оқытылды. Биыл да осы оқуды жалғастыруды жоспарлап отырмыз», – деді ол.