Тарихы

Партия кадрларын даярлау жөніндегі арнайы мектеп құру идеясын Қазақстан Республикасының Президенті, партия Төрағасы Н.Ә. Назарбаев 2009 жылғы 15 мамырда «Нұр Отан» ХДП ХІІ съезінде жария етті.

«Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесі бюросының 2010 жылғы 15 сәуірдегі № 9 қаулысымен Жоғары партия мектебін құру туралы шешім қабылданып, 2010 жылғы 26 мамырда оның ресми ашылуы өтті.

Жоғары партия мектебін құрудың негізгі мақсаты қосымша білім беру бағдарламалары аясында оқытуды ұйымдастыру арқылы партия менеджерлерінің кәсібилігін арттыру болды, бұл әсіресе партияны сандық және ұйымдастырушылық жағынан кеңейту және оның саяси кеңістіктегі ұстанымын нығайту кезеңі үшін қажет болды.

2010-2011 жылдар аралығында Жоғары партия мектебі партиялық-саяси оқу желісін дамыту аясында Ақтөбе, Алматы және Семей қалаларында аймақтық филиалдар ашты. Жоғары партия мектебі филиалдарының қызметі қысқа мерзімді күндізгі курстар мен көшпелі семинар-тренингтер ұйымдастыру арқылы партияның аймақтық және аумақтық филиалдарының партиялық активтерінің біліктілігін арттыруға бағытталды.

2013 жылы Жоғары партия мектебі қайта құрылып, нәтижесінде «Нұр Отан» партиясының Саяси менеджмент мектебі деп аталды, партиялық білім берудің мақсаттары мен міндеттері түзетілді, формалары мен әдістері өзгертілді, тренингтік оқыту форматына көшу жүзеге асырылды.

2015 жылдың екінші жартысынан бастап Саяси менеджмент мектебінің жұмысына заманауи қашықтықтан оқыту әдістерінің (бейнеконференцбайланыс бойынша семинарлар, вебинарлар, бейнедәрістер және басқалар) енгізілуіне орай, оның аймақтық филиалдарының жұмыс істеуі өз өзектілігін жоғалтты. Осыған байланысты, сондай-ақ Саяси менеджмент мектебінің құрылымын оңтайландыру мақсатында 2016 жылғы қаңтарда филиалдардың қызметі тоқтатылды.

2016 жылдан бастап Саяси менеджмент мектебі партия мүшелерін 3 деңгейлік оқытуға (орталық, аймақтық және аумақтық деңгейлер) көшті, бұл оқу бағдарламаларында партиялық-саяси тақырыптарға академиялық семинарлар және кәсіби құзыреттерді арттыру мен тұлғалық даму бойынша тренингтер өткізуді үйлестіруге, сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарының басшылары мен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партия фракциялары депутаттарының оқумен қамтылуын арттыруға мүмкіндік берді.

«AMANAT» партиясының съезінде сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір жолғы семинар-тренингтерден депутаттарды, әкімдерді, министрлерді және партиядан ұсынылған басқа да кандидаттарды даярлаудың толыққанды бағдарламаларына көше отырып, Саяси менеджмент академиясының жұмысын күшейтуді тапсырды. 2022 жылғы 18 мамырда Академия «Саяси менеджмент мектебі» ЖММ-нен «Саяси менеджмент академиясы» ЖММ-не мемлекеттік қайта тіркеуден өтті және өз қызметін белсенді түрде трансформациялау процесіне кірісті. Ауыл әкімдеріне, көшбасшы әйелдерге, жас саясаткерлерге, мәслихаттар мен Мәжіліс депутаттарына, бастауыш партия ұйымдарының белсенді мүшелеріне арналған жаңа оқыту бағдарламалары іске қосылды.