Көшбасшы әйелдерге арналған «Tomiris» бағдарламасына қатысушыларды конкурстық іріктеу аяқталды.

18 шілде мен 15 тамыз аралығында 342 өтінім келіп түсті.​ Оның ішінде конкурстың шарттары мен талаптарына толық сәйкес келгені 125 өтінім.

Іріктеудің бірінші кезеңінде 125 адамның түйіндемесі мен мотивациялық хаттары бағаланды. Бағалау қорытындысы бойынша финалдық кезең – әңгімелесуге 60 адам өтті.

Екінші кезеңде жобаны ұйымдастырушылардың өкілдері мен тәуелсіз сарапшылардан тұратын конкурс комиссиясы финалистермен әңгімелесу өткізді және бүкіл конкурстың нәтижелері бойынша ашық дауыс беру арқылы Нұр-Сұлтан қаласында 2022 жылғы 5-9 қыркүйекте қарқынды 5 күндік оқыту бағдарламасына қатысатын 30 қатысушының тізімін бекітті.

«Бізге Қазақстанның түрлі өңірлерінен шыққан жарқын әрі қалыптасқан 125 көшбасшының ішінен таңдау жасауға тура келді. Әрбір қатысушының артында іске асырылған жобалардың, жетістіктер мен жеңістердің тарихы тұр. Іріктеліп алынған 30 қатысушы біздің бағдарламадан көп нәрсені ала алатынына сенімдімін және «Томирис» бағдарламасына қатысу олардың саяси мансабында жаңа деңгейге көтерілуіне көмектеседі деп сенемін»,-деді конкурстық комиссияның төрағасы, «AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясының директоры Данияр Мұқитанов.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 18 шілдесінде «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы «Tomiris» әйелдер көшбасшылығы бағдарламасына өтінімдер қабылдайтынын жариялаған болатын. Бағдарлама қатысушылардың әртүрлі деңгейдегі басшылық лауазымдарға тағайындалуына немесе сайлануына көмектесетін дағдыларды, білім мен құзыреттіліктерді дамытуға бағытталған.

Бағдарлама ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен (ҚР АҚДМ) бірлесіп, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, «AMANAT» партиясының және Конрад Аденауэр атындағы Қордың қолдауымен іске асырылуда.

Бағдарламада «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Ораловпен, ҚР АҚДМ вице-министрі Александр Даниловпен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменовамен және басқа да саясаткер әйелдермен кездесулер қарастырылған. Сондай-ақ, ХДО (Германия) партиясының Әйелдер қанаты делегациясымен кездесу жоспарлануда.

​​​​Барлық қатысушыларға Нұр-Сұлтан қаласында тұру мен көлік шығындары өтеледі.​

​​Оқыту қорытындысы бойынша қатысушылар өз өңірлеріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған саяси жобаларды әзірлейді және қолданысқа енгізеді. Академия жыл соңына дейін коучингтік онлайн-сессиялар арқылы әдіснамалық қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді.