Бүгін көшбасшы әйелдерге арналған «Tomiris» оқу бағдарламасы басталды

Бүгін көшбасшы әйелдерге арналған «Tomiris» оқу бағдарламасы басталды

5 күндік қарқынды оқу бағдарламасында саясаттан, қоғамдық сектор мен «AMANAT» партиясының белсенділерінен іріктеліп алынған 30 қатысушы білім алады.

«Қатысушыларды Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 342 көшбасшының арасынан таңдап алдық. Әрбір қатысушының жүзеге асырған сәтті жобасы, жетістігі мен жеңісі бар. Іріктеуден өткен 30 қатысушының барлығы да бағдарламадан көп білім алады деп ойлаймын және «Tomiris» саяси мансаптарын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді деп сенемін», - деді Конкурстық комиссия Төрағасы, «AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясының директоры Данияр Мукитанов.

Оқу бағдарламасында білім алушылар көшбасшылық және саяси процестер түсініктерінен бастап, коммуникация мен жобаларды басқару тақырыптарын зерттейді. Сондай-ақ бағдарлама шеңберінде ХДС (Германия) партиясының Әйелдер қанаты делегациясымен кездесу жоспарланып отыр.

Оқу бағдарламасының ашылу салтанатына «AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібек, ҚР АҚДМ вице-министрі Александр Данилов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова қатысты.

«Бүгінде Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін, тарихымызға қайта оралып, Томирис, Домалақ ана сияқты тұлғаларымыздың ер азаматтармен бірге жүргенін көрсету үшін осындай үлкен жобаны бастап отырмыз. Жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен 342 қатысушы қатысты және олардың арасынан суырылып шыққан 30 әйел бүгін арамызда отыр. Бұл – жеңістің басы және сіздердің үздіктердің үздігі екендеріңізді дәлелдейді», – деді «AMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек.

Оқу нәтижесінде бағдарлама қатысушылары өз аймақтарындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған саяси жобаларды жасап, оларды енгізеді. Академия жыл соңына дейін онлайн коучингтік сессиялар арқылы әдістемелік қолдау көрсетеді.

Көшбасшы әйелдерге арналған «Tomiris» оқу бағдарламасының қатысушысы, «Urpaq» қазақ мәдени-ағартушылық орталығының директоры Гульбахша Мусабаева өз эссесінде бағдарлама қатысудағы мақсатын келесідей жеткізген: «Менің мақсатым- өз аймағым - Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-саяси жағдайын жақсарту бойынша жоба дайындау. Әйелдердің тұлғалық өсуі мен интеллектуалдық дамуына көмектескім келеді».

«Tomiris» жобасы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясының және Конрад Аденауэр Қорының қолдауымен, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Бәріңізге зейіндеріңіздің ашық болуын тілейміз және инновациялық жобаларды жасауда сәттілік серік болсын!