«Әйелдердің ел дамуындағы рөлі» атты форумдар

1 (8).png

2022 жылғы 28 қазан мен 23 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасының 18 өңірінде «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ұйымдастырған «Әйелдердің ел дамуындағы рөлі» тақырыбында өңірлік форумдар өтті.

Форумның басты мақсаты – әйелдердің мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріндегі рөлін анықтау, оның кәсіпкерлік саладағы әлеуетін арттыру, жүйелі проблемаларды шешудің жаңа тетіктерін енгізу. Форумға қатысушылар Қазақстан Республикасының ауылдарында/аудан орталықтарында тұратын әйелдер қатарынан әр өңірден 200-ге жуық адам жасақталды, форумға қатысушылардың 80%-ы – үй шаруасындағы әйелдер, көп балалы аналар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар, жастар; 20%-ы – бюджеттік саланың қызметкерлері, кәсіпкерлер, депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер және қоғам қайраткерлері.

«Әйелдердің ел дамуындағы рөлі» форумдары аясында келесі тақырыптар талқыланды:

«Ауыл әйелдерінің табысын арттырудың экономикалық мүмкіндіктері» - спикерлер ауылдық аумақтардың даму үрдістері, өңірлік деңгейде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары (гранттар мен кредиттер, қаржылық емес қолдау) туралы түсіндіріп, табысты бизнес-жобалармен таныстырды. Қатысушылар кәсіпкерліктегі әйелдерге ұсынылатын жаңа мүмкіндіктерді (проблемалар, даму перспективалары, тәжірибе алмасу) талқылады;

«Әйелдер денсаулығы – салауатты қоғамның негізі» - әйелдер ауруларының алдын алу (тегін медициналық көмек алу бағдарламалары, медициналық скринингтен өту уақыты, медициналық тексеруден өтудің жиілігі, аурулардың алдын алуға арналған талдаулардың өзекті тізімі, мамандардың кеңесі);

«Қаржылық сауаттылық – отбасы бюджетін жоспарлаудың негізі» - қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша қолданбалы дағдылар, қарыздан құтылу үшін отбасылық бюджетті қалыптастыру және оңтайландыру бойынша ұсыныстар, инвестициялар туралы білім беру және олардың өзекті екенін жеткізу;

«Әйелдер көшбасшылығын дамыту» - әйелдер көшбасшылығы мәселелерін талқылау.

Форумдарға еліміздің барлық өңірлерінен 3445 адам қатысты, іс-шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің, қалалық мәслихаттардың депутаттары, қоғамдық және саяси қайраткерлер, «AMANAT» партиясының атқарушы хатшылары, іскер әйелдер сөз сөйлеп, «Tomiris» әйелдер көшбасшылығын дамыту жобасының қатысушылары және көп балалы аналар өз тәжірибелерімен бөлісіп, баяндамалар жасады.

Форум қорытындысында өңірлерден қатысқан қатысушылар әйелдердің қазіргі мәселелерін шешу және олардың мүдделерін қорғау мақсатында «AMANAT» партиясы жанынан Әйелдер қанатын ашуды ұсынды.

Өткізілген өңірлік форумдардың нәтижелері бойынша ағымдағы жылдың 21 ақпанында елордада «Теңдік және даму: Әділетті Қазақстандағы әйелдердің рөлі» тақырыбында «AMANAT» партиясының әйелдер қанатының форумы өтті.

Форум бағдарламасы пленарлық сессиялардан тұрды, онда спикерлер «Құқық қорғау органдарында басшылық қызметтерде әйелдердің қызмет ету қажеттілігі туралы», «Гендер және денсаулық», «Отбасы және адами капиталды дамыту», «Балаларға инклюзивті білім беру», «Дені сау әйел – дені сау ұлт», «Ауыл әйелдері екі есе осал», «Ауылдағы әйелдер бизнесі», «Әйел бақыты индексі» тақырыптарында сөз сөйледі, сонымен қатар форумның аясында мынадай тақырыптардағы сессиялар қамтылды: «Қазіргі қоғамдағы әйелдердің әлеуметтік мәселелері», «Әйелдер кәсіпкерлігі өңірлерді дамытудың қозғаушы күші», «Қазақстандық әйелдердің өмір сүру сапасын арттыруда денсаулықтың алдын алу».

Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен 800 адам қатысты.

Олардың ішінде танымал саяси және қоғам қайраткерлері, «Tomiris» жобасының қатысушылары, кәсіпкерлік, білім беру салаларының өкілдері, көп балалы аналар және тағы басқалар бар.

Іс-шара барысында әйелдердің қазіргі қоғамдағы рөлі, сондай-ақ «AMANAT» партиясының әйелдердің өзін-өзі танытуын және еліміздің саяси өміріне қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған бастамалары талқыланды.

Республикалық сайлауалды штабтың басшысы және партияның төрағасы Ерлан Қошанов әйелдердің мемлекеттік басқаруға және қоғамдық өмірге қатысуын кеңейту қажет екенін атап өтті.

Партия төрағасының партияның әйелдер қанатының құрылатынын және Орталық аппараттың басшылық құрамына тек әйелдер ғана атқара алатын партия хатшысы лауазымын енгізу керек екенін жеткізуі форумның басты оқиғасына айналды.

Әйелдер форумдарының қорытындысы бойынша келіп түскен ұсыныстар «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жасау кезінде ескерілді.